Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды

Халық үні

Бұл қызметті бұған дейін Әбілқайыр Сқақов атқарған

Фото: gov.kz

Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметті енді Асайын Байханов атқарады, деп хабарлады Ақорда.

Асайын Қуандықұлы Байханов Павлодар облысының әкімі лауазымына тағайындалсын, - делінген президент жарлығында.

2022 жылдың бірінші желтоқсанында Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатылды. Оның орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.

27 қарашада Павлодар облысында Екібастұз тұрғындары қақаған суықта жылусыз қалды. «Екібастұзэнерго» ЖШС-ның хабарлауынша, 27 қарашада түнгі сағат 01:20 уақытында №11 жылу қазандығы тоқтаған. Сосын 01:30 шамасында үлкен көлемдегі желілік су шығынына байланысты, №13, 14 және 15 қазандықтар істен шыққан.

28 қарашада Екібастұз қаласының әкімі жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала аумағында техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады.

ЖАҢА ӘКІМ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Асайын Байханов 1978 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған.

Павлодар университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша 2000 жылы тәмамдаған.

2017 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

2020-2021 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары болған. 2021 жылдың шілдесінен бастап Павлодар қаласы әкімі қызметін атқарды.