Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылды
Жедел штаб Екібастұз қаласындағы жылумен жабдықтауды қалпына келтіру жөніндегі ақпаратты жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жедел штаб басшысы, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, бүгін сағат 08:00-дегі жағдай бойынша барлық зардап шеккен үйлерге жылу берілген. Желілік судың параметрлері: қысымы – 8,8 кг/см2, түзу бағытта – 83 градус, түзу және кері бағытта 56 градус болды.
Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Екібастұз ЖЭО қаладағы жылумен қамтуды қалыпқа келтіру үшін барлық күштерді жұмылдырып жатыр.
Өкінішке қарай, соңғы күндері болған оқиғалардың кесірінен гидравликалық режимнің теңгерімсіздігі, соның ішінде тұтынушылар мен ПИК-тердің жылу тасымалдағыштағы суды рұқсатсыз ағызуы жұмысты қиындатты.
Сондай-ақ жедел штаб барлық тұрғындарға шыдамдылық танытқандары үшін алғыс білдірді. Бұған қоса, алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігердің арқасында жылумен қамту толығымен қалпына келетіндігін жеткізді.
Еске сала кетсек, Екібастұзда барлығы 689 көпқабатты үй бар. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылған.