Сәуірден бастап Қазақстанда Kinopark кинотеатрлар желісі жабылады
Голливуд өнімдерінің премьерасы болмайды
Қазақстанда Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісі 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап белгісіз мерзімге жабылады. Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев жақын арада кинотеатрларда көрсетілетін фильм болмайтынын айтты.
«Өкініштісі, Ресей арқылы жұмыс істейтін Голливудтың ірі компаниялары бізге кино ұсынудан бас тартады. 1 сәуірден бастап бізде көрерменге көрсететін фильм жоқ. Сондықтан Kinopark және Kinoplexx желісін 1 сәуірден бастап белгісіз мерзімге жабуға мәжбүр болдық», - деді Алмаз Малдыбаев.
Еске салсақ, Голливуд компаниялары өз фильмдерін Ресейде жалға беруден бас тартты. Мысалы, «Батмэнді» прокатқа беру процесі премьерадан бір күн бұрын тоқтатылды.
Қазір Қазақстан кинотеатрларында отандық фильмдерден бөлек, «Анчартед: на картах не значится», «Қасқыр мен арыстан», «Кролецып и Хомяк Тьмы» секілді шетелдік туындылар көрсетіліп жатыр.