Күдікті жастарға мефедрон сатқан
Елордадағы түнгі клубта синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 22 жастағы бармен ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Астана қаласы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында көңіл көтеру орнында есірткі сатқаны үшін жас жігітті ұстады.
Ол досымен бірге пәтер жалдап тұрған. Оның үйін тінту барысында каннабис және синтетикалық есірткі (20 доза) тәркіленді. Күдікті оларды сатуға дайындап қойған, - деді қалалық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Рустам Гасизов.
Жалпы күдіктіден 4 грамм мефедрон және 11 грамм гашиш тәркіленген. Есірткіні аса ірі мөлшерде сату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті қаладағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның кінәсі сотта дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.