Путин Қырым көпіріне барды
Жарылыс 8 қазанда болған еді
Ресей президенті Владимир Путин аннексияланған Қырым түбегіне алып баратын көпірді көруге барды. Осында РФ вице-премьері Марат Хуснуллин оған өткелде жүріп жатқан жөндеу жұмыстары туралы есеп берді.
Сондай-ақ президентке «Тамань» жол басқармасы федералды қазынашылық мекемесінің бас инженері Никита Храпов пен «Нижнеангарсктрансстрой» ААҚ бас директорының орынбасары Евгений Чибышев көпірді жөндеуге қатысты мәліметті айтып берді.
Еске сала кетсек, 8 қазанда таңертең Қырым көпірінде жойқын жарылыс болған еді. Соның кесірінен жанар-жағармайы бар 7 цистерна отқа оранды. Куәгерлердің айтуынша, сол күні Қырым көпіріндегі жарылыс шамамен таңғы сағат 6-да болған. Сол кезде жүк көлігі жарылып, жанар-жағармайы бар цистерналар өртенген.