Екібастұздағы тағы бір жылу желісінде құбыр жарылды
Оны сағат 14:00-ге дейін жөндеу көзделген
Екібастұздағы апатты жою жөніндегі жедел штаб 6 желтоқсандағы жағдай бойынша атқарылған жұмыстар жөніндегі мәліметтерді жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір Екібастұздың 6, 5а және 5б шағын аудандарында жылу желілері қатып қалған үйлерге жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Апатты жою жөніндегі штаб басшысы – премьер-пинистрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың хабарлауынша, 6 желтоқсан күні сағат 08.00-дегі жағдай бойынша кіреберістерді жылуға қосу жұмыстары 4 үйде жүргізілуде. Бұл жұмыстарды бүгін аяқтау жоспарланған. Зардап шеккен нысандарға бекітілген кәсіпорындар тәулік бойы инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр.
6 желтоқсан күні таңғы сағат 04:30-да №6 шағын аудандағы орамішілік жылу желісінде құбыр жарылды (жылу құбырын бұратын ЦТП – 63, диаметрі – 159). Оған жөндеу бригадалары жіберілді. Осыған байланысты Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54 және Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 57а, 59, 61, 63, 63А, 63Б, 65, 67А тұрғын үйлеріне ыстық су беру қысқа уақытқа тоқтатылды. Құбырды сағат 14:00-ге дейін жөндеу көзделген, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Екібастұзда барлығы 689 көпқабатты үй бар. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылған.