Жамбыл облысындағы 2 бүлдіршіннің өлімі: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Қайғылы жағдай Шу қаласында болған
Жамбылда жеке тұрғын үй өртеніп, екі бала көз жұмды. Өрт түнгі 12 шамасында тұтанған. Балалар бұл уақытта үйде жалғыз болыпты. Анасы есікті сыртынан құлыптап, бүлдіршіндерді қараусыз қалдырып кеткен. Қызыл жалынның құрбаны болған балапанның бірі 5-те, екіншісі 2 жастан енді асқан, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Қайғылы жағдай Шу қаласында болған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды жарты сағаттан астам уақытта әрең сөндірген.
«Осы өрт фактісі бойынша ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Өкінішке қарай, үйдегі екі бала түннің ортасында ата-анасының қарауынсыз қалған. Балаға көңіл бөлмеу – қоғам зардабы. Ата-ана салғырттығынан бала түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Астана қаласында жыл басынан бері үйде жалғыз қалған 40 бала терезеден құлап, оның бесеуі көз жұмған. Үйінен өрт шыққан төрт бала жарақат алып, біреуі тіл тартпай кеткен. Тағы бес бала суға батып, көз жұмды», -деді Жамбыл облысы ТЖД бас маманы Жомарт Сәдірмеков.
«Жыл басынан бері төтенше жағдайға тап болған 162 бала құтқарылды. Оның ішінде 11 бала эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар департаменті өз балаларыңызды қараусыз қалдырмауға шақырадыі», - деп хабарлады Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті.
Елімізде жұмысбасты ата-ана көп. Салдарынан, кәмелет жасқа толмағандардың төтенше жағдайға тап болу дерегі жиілеген.
«Балалардың материалдық жағына көп мән беріп, оларды автомат қылып қойдық. Мектепке апарамыз, алып келеміз. 24 сағатта балаға уақыт бөлмеу деген енді өз қателігім деп санаймын», - дейді көпбалалы ана Меруеш Башайқызы.
Психолог Анаргүл Ибрайымбекова келеңсіз жағдайды алдын алу үшін ең алдымен әр ата-ана баламен «балаша» сөйлесе алуы керек дейді. Айтуынша, бүлдіршінге тыйым салуға болмайды. Барлығын тәжірибе ретінде көрсету керек.
«Жоқ, онда баруға болмайды, оны ұстауға болмайды» деген тиымдар көп салып жатады. Соның орнына, керісінше ата-ана соны түсіндіру керек. Егер де бала әлі де сөйлемейтін болса, түсінбейтін болса, міндетті түрде балаға мысал ретінде ыстық шәйнекті сәл саусағымен ұстату керек. Ол – ыстық деп балаға көрсету керек», - дейді психолог Анаргүл Ибрайымбекова.
Еске сала кетейік, 3 желтоқсанда Жамбыл облысында үй өртеніп, 2 бала көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.