Абай облысындағы ерлі-зайыпты мен немересінің өлімі: жаңа мәліметтер шықты
Марқұмдарды такси жүргізушісі жеткізіп тастағаны туралы ақпарат жалған
Абай облысының Жарма ауданындағы ерлі-зайыпты мен баланың өліміне қатысты жаңа мәлімет шықты.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде марқұмдар үйіне жолда ұстаған таксимен келгені жазылған. Абай облысының полиция департаменті бұл ақпаратты растамады. Полицейлердің айтуынша, іске көлік жүргізушісінің қатысы жоқ, сонымен қатар жүргізілген сараптамалардың нәтижелері белгілі болған.
«Марқұмдарды такси жүргізушісінің жеткізіп тастағаны туралы ақпарат жалған. Мұндай ақпаратты БАҚ өкілдеріне берген жоқпыз. Расында да өз ауылдарында қонаққа бару дерегі бар. Отбасы үйге оралғанда сыртта күн суытып, қарлы боран соғып, олар бағдарды жоғалтып алған сияқты. Істе такси жүргізушісі жоқ», - деді облыстық ПД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Дина Әміренова.
Полицияның мәліметінше, бастапқыда мәйіттердің табылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалған. Тексеру нәтижелері бойынша өлімнің қатты тоңудан болғаны анықталды. Бұл жағдайда зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында қарт ерлі-зайыпты мен немересінің аяздан үсіп өлгенін хабарлаған болатынбыз. Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.