ШҚО-да жүк пойызы бір үйір жылқыны қағып кетті (ВИДЕО)
Полиция жылқының иесін анықтады
Шығыс Қазақстан облысында жүк пойызы бір үйір жылқыны қағып кетті. Оқиға 5 желтоқсанда таңғы сағат 07:17-де болған.
Шығыс Қазақстан облысының «Коршунова-Черемшанка» аралығында жүк пойызының машинисі темір жолда жүрген жылқы үйірін байқап, шұғыл тежегішті басқан. Алайда апаттың алдын алу мүмкін болмады. Соның салдарынан пойыз 8 жылқыны қағып кетті. Бұл оқиғаға байланысты пойыз 19 минут кідірді, – деді ІІМ Көліктегі полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Оның айтуынша, оқиға орнына Риддер станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірден жетті. Тиісті іс-шаралар нәтижесінде жылқының иесі табылды. Ол – Глубокое ауданының 33 жастағы тұрғыны.