×

«Ең үлкен реформа». Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа стандарты қабылданды

Мемлекеттік стандартта баланың барлық аспекті бойынша «толық дамуы» бірінші орынға қойылған

 Динара Амантай 05.12.2022 | 14:09
Фото: @aimagambetov

Биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламалар қабылданды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Telegram арнасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министр мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту әрбір адамның интеллектуалдық, әлеуметтік-эмоционалдық және физикалық әл-ауқатын дамытудың негізі екенін айтып, бұған дейін зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, ерте жастан дайындықтың маңыздылығы туралы жазғанын жеткізді.

Бүгін мектепке дейінгі білім берудің мазмұны мен сапасы мәселелері бағытындағы Оқу-ағарту министрлігінің соңғы бастамалары жайында айтқым келеді. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы мектепке дейінгі білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертетін ең үлкен реформа деп айтуға болады. Биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламалардың қабылдануы осы мәселедегі басты қадам болды. Баланың барлық аспекті бойынша «толық дамуы» бірінші орынға қойылған. Оның ішінде интеллектуалды, құндылық, әлеуметтік-эмоционалды және физикалық даму бар, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, аталған мақсаттарға жету үшін министрлік стандартта бірқатар өзгерістер енгізген:

  1. Оқу жоспарының икемділігі кестені және сағат жүктемесін қатаң реттеуді болдырмау арқылы қамтамасыз етілді. Енді мектепке дейінгі ұйымдар еркін күн тәртібін әзірлей алады. Бұл тәрбиешілерге әр түрлі оқыту тәсілдерін қолдануға, минут сайын қатаң кестеге байланбай, күні бойы балалар үшін ойын және оқу жаттығуларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
  2. Жаңа стандарт «ойын арқылы оқыту» қағидасына негізделген ерте жастағы балаларды дамытудың негізгі әдістемесіне оралуға мүмкіндік береді. Бұрын Үлгілік оқу жоспарларында сағат саны қатаң көрсетілетін. Мұндай әдіс сабақты кесте бойынша мектеп сабақтары сияқты ресми түрде өткізуге әкелді. Оған қоса, бұл балабақшаларға аттестация беру кезінде тексеру нысанасына айналды, өйткені стандарттың орындалуы жұмыс істеген сағат саны бойынша қатаң тексерілді. Сабақ түріндегі мұндай оқыту осы жастағы балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді.
  3. Жаңа үлгілік оқу жоспарында мұғалімдер мен балалар арасындағы өзара іс-қимылының негіздерін қарастырылды. Оларға балалардың сөйлеуін дамыту, кітап оқу, математика негіздерін үйрету, шығармашылық және зерттеу жұмыстарымен айналысу бойынша күнделікті жұмыс кіреді. Бұл қызмет түрлерін үй жағдайында да дамыту маңызды.
  4. Сонымен қатар стандартта балалардың бойына құндылықтарды сіңірудің тәсілдері мен әдістері бар. Бұл ұлттық, отбасылық құндылықтар, патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік, қоғамдағы мінез-құлық ережелері, қауіпсіздік ережелері және т.б. Тәрбиеші баланы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуге, сыпайы және мейірімді болуға, дос болуға, құрметтеуге, көмектесуге, бөлісуге, қызығушылық танытуға, қоршаған әлемді бақылауға, зерттеуге және т.б. үйретеді. Бұл құзыреттің барлығы жетекші елдердің, соның ішінде Финляндия, Гонконг, Эстония, Оңтүстік Кореяның бағдарламаларында нақты көрсетілген.

Қорыта келгенде, балаларды тәрбиелеу мен оқытуда бұрынғы стандартта шектеу қою, белсенді ойындарға уақыттың жеткіліксіздігі, партада ұзақ отыру басым болғанын атап өткім келеді. Жаңа стандарт мектепке дейінгі ұйымдарға ыңғайлы болуға, құндылықтар мен құзыреттіліктерді дамытуға және жас балалар үшін табиғи ойын үлгісін кеңінен қолдануға бағытталған. Мұның бәрі баланың мектепте оқу дайындығын және алдағы білім жолы мен өмірінде жетістікке жетіп, жан-жақты дамуына әсер етеді, – деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама