«Сіздер қабырғадағы суреттерді қанша өшіріп тастасаңыздар да қайта жазамыз» деген жазу да қалдырған
Ирандағы халық қозғалысы кезінде үйлердің қабырғаларына Оңтүстік Әзербайжан ұлттық ояну қозғалысының тулары ілініп жатыр. Бұл туралы Azad İran телеграм-арнасы хабарлады.
Қазір Иранның көптеген қалаларында болып жатқан халықтың билікке қарсы наразылық қозғалысының аясында Оңтүстік Әзербайжан ұлттық ояну қозғалысының да жандана бастағаны байқалады. Діни басшылар режиміндегі елдің құрсауында бұлқынған әзербайжандар «Сіздер қабырғадағы суреттерді қанша өшіріп тастасаңыздар да қайта жазамыз» деген жазу да қалдырып отырған.
Айта кетсек, Иранда Батыс Әзербайжан және Шығыс Әзербайжан деген тарихи-географиялық облыстар бар. Батыс Әзербайжанның орталығы – Үрмия, Шығыс Әзербайжанның орталығы – Тебриз қаласы. Иранда қазір 86,6 млн халық тұратын болса, солардың 10 миллионға жуығы – осы екі провинцияның еншісінде. Алайда Иранда халық санағы ешқашан ұлттық айырымдар бойынша жүргізілген емес. Сол себепті, онда тұратын әзербайжандар санының нақты қанша екенін ешкім білмейді. Дегенмен 25-30 миллион шамасында деген болжам айтылып жүр.