Абай облысындағы ерлі-зайыпты мен немересінің өлімі: оқиғаның мән-жайы анықталды
Олар ауылға 1 шақырымдай қалған кезде көліктен түсіп қалып, жаяу тартқан
Қайғылы оқиға Жарма ауданының Терістаңбалы ауылында болған.
Abai news телеграм арнасының хабарлауынша, ерлі-зайыпты немересімен бірге көрші ауылға қонаққа барған. Сосын түнде үйлеріне қайту үшін жолда кетіп бара жатқан көлікке отырыпты. Олар ауылға 1 шақырымдай қалған кезде көліктен түсіп қалып, жаяу тартқан. Себебі белгісіз.
«Таңертең денелері табылғанда әжесі ауылдан 50 метр жерде жатты. Атасы мен немересі 100 метр жерден табылды. Қазір туыстары олар мінген автокөліктің иесін іздеп жатыр. Қатты аязда жүргізуші оларды не үшін жолдан түсіріп кеткенін анықтау керек», - дейді марқұмдардың туысы.
Жарма ауданының полиция басқармасы бұл деректі растады. Жерлеу рәсімі жұма күні өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында қарт ерлі-зайыпты мен немересі аяздан үсіп өлгенін хабарлаған болатынбыз. Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиға қатысты пікір білдірді.