Аймағамбетов ақсайлық 1-сынып оқушысына хат жолдады

Халық үні

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ақсай қаласындағы №5 орта мектептің 1-сынып оқушысы Тимур Құнысовқа хат жолдады

Фото: видеодан алынды

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ақсай қаласындағы №5 орта мектептің 1-сынып оқушысы Тимур Құнысовқа хат жолдады.

БҚО білім басқармасынан мәлім еткендей, бұған дейін әлеуметтік желіде Тимур түскен бейнежазба тараған еді.

Онда оқушы анасына үй тапсырмасын үлкен әжесімен бірге орындағанды жөн көретінін айтады. Анасы бұған күліп, әжесінің тек 3-сыныпты бітіргенін жеткізеді.

Әжесінің мұндай білім алғанына таңданған бала қызықты сұрақтар қояды.

Осы бейнежазбаны көрген Оқу-ағарту министрі оқушыға арнайы хат жолдаған.

«Анаңмен бірге үй тапсырмасын орындап отырған видеоны көрдім. Екі әжеңнен де қатар тәрбие алу – ол үлкен бақыт.

Бұрын біздің ата-әжелеріміздің қазір берілетін білімді алуға мүмкіндіктері болмады. Алайда сол кездегі қиын жағдайға қарамастан, ата-әжелеріміз ата-аналарымызға дұрыс тәрбие беру үшін барын салып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосты.

Қазіргі оқушылардың оқуға және еліміздің дамуына көбірек үлес қосуға мүмкіндіктері бар. Ал жақсы оқып, еңбектенген адам өмірде үлкен жетістікке жетеді.

Оқушыларымыздың халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, жаңа рекордтар орнатып жатқаны туралы жаңалықтар қазірдің өзінде үйреншікті нәрсеге айналып үлгерді. Ал балалар жетістіктері үшін білім гранттары мен ақшалай сыйлықтар алады. Менің ойымша, бұл балаларға ынта-жігер береді.

Егер сен жақсы оқып, үлкендерді сыйласаң және анаңның айтқанын тыңдап, сабақты жақсы орындасаң, онда сенің жетістіктерің жайында әлі талай рет еститінімізге сенімдімін.

Әрқашан ізденімпаз, еңбекқор бол, өзіңе сен. Ұстаздарға құрметпен қарап, жақындарыңа қамқор бол.

Алдымызда Жаңа жыл келе жатыр. Осы мейрамға орай саған жаңажылдық сыйлықтар жіберіп отырмын. Саған мықты денсаулық және табыс тілеймін. Алға қойған арман-мақсаттарың орындала берсін!», – деп жазды министр хатында.

Тимур Құнысовқа министрдің сыйлығы да табыс етілді. Бұған ерекше қуанған бала Асхат Аймағамбетовпен бірге суретке түсіп, селфи жасағысы келетінін айтты.