Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр
Ішкі істер министрлігі Абай облысында үсіп өлген қарт ерлі-зайыпты мен олардың 3 жасар немересіне қатысты пікір білдірді.
«28 қарашада Жарма АПБ «102» арнасына Терістаңбалы ауылының тұрғындарынан 57 жастағы ер адам мен 56 жастағы әйелдің, 3 жасар баланың мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Денелерінде зорлық-белгілері анықталған жоқ. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тиісті тергеу амалдары басталды», -делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
ҚПК-ның 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында қарт ерлі-зайыпты мен немересі аяздан үсіп өлгенін хабарлаған болатынбыз.