Оларды жаңарту үшін қомақты қаражат керек
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, қоғамдық резонанс тудыратын тағы бір мәселе – кәріз тазарту құрылғыларының жағдайы.
Семей және Курчатов қалаларының тазарту құрылғылары қанағаттанарлықсыз жағдайда. Кәріз тазарту құрылғыларының 75%-ы тозған және жөндеу мен реконструкцияны қажет етеді. Облыстың қалған 8 ауданында кәріз тазарту құрылғылары мүлдем жоқ, - деді Серікқали Брекешев Абай облысының тұрғындарымен кездесуінде.
Жол картасына сәйкес әкімдік Семейде механикалық тазарту объектілерін салу және пайдалануға беру, ағынды суларды тазарту құрылғыларын реконструкциялаудың екінші кезегінің басталуы керек болған.
«Алайда әкімдік тарапынан ешқандай шара қабылданған жоқ. Иә, реконструкциялау және құрылыс мәселесі айтарлықтай шығындарды талап етеді. Сондықтан әкімдікке экологиялық төлемдерден немесе жеке инвесторлардан түсетін қаражат есебінен қаржыландыру мәселесін қарастыруды орынды деп санаймыз», - деді министр.