ҚТЖ Украинада қалып қойған 1007 жүк вагонын елге қайтармақ
Қазақстанның 30 жүк көлігі Украинадан шығарылды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілдері Украинада қалып қойған 1007 жүк вагонын елге қайтаруға әрекет етіп жатыр.
5 наурыздағы деректер бойынша Украина аумағында қазақстандық меншік иелерінің 1007-ден астам жүк вагоны тұрып қалған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Украина аумағында қалып қойған 57 автокөліктің 30-ы шығарылды. 27 жүргізуші әлі де Украина аумағында қалып отыр. Оның ішінде 11 жүргізуші қазір Украина мен Польша шекарасындағы Рава-русская (Украина) – Гребене (Польша) өткізу бекетіне қарай жіберілді. Әрі қарай олар Беларусь әрі Ресей аумақтары арқылы елге бет түзейді.
Ресей және Украина арасында қарулы қақтығысқа байланысты Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстері тоқтатылды. 28 ақпаннан бастап Қазақстан билігі Украинадағы өз азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Украинада қалып қойған ел азаматтарын Қазақстанға әкелу үшін үш әуе рейсі орындалды.