×

Өзбекстанда Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған мәдениет күндері өтеді

Оның мақсаты - екі елдің мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасын одан әрі нығайту

 Дастан Жұмабекұлы 02.12.2022 | 14:22
фото: ашық дереккөз

5-10 желтоқсан күндері Өзбекстанда ұлы ақын, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлына арналған «Абай Құнанбаев мұрасы күндері» атты мәдениет күндері ұйымдастырылады.

Абай Құнанбайұлының мұрасы күндерін өткізудегі мақсат, Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты одан әрі нығайту және Қазақстан президентінің Ташкентке алдағы мемлекеттік сапары бағдарламасының мазмұнын байыту.

Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасына арналған осынау шараны Өзбекстанның Туризм және мәдени мұра, Сыртқы істер, Мәдениет, Жоғары және арнаулы орта білім министрлігі, Халыққа білім беру министрліктері, Жазушылар одағы, Ғылым академиясы, Республикалық рухани-ағарту орталығы, Халықаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыстар комитеті, Ұлттық телерадиокомпания және Орталық Азия халықаралық институты ұйымдастыруда.

Мәдениет күндері аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, ақынның шығармашылығына арналған көрме ұйымдастыру. Сонымен қатар Өзбекстанның орта және жоғары оқу орындарында екі елдің белгілі ақын-жазушылары мен ғалымдарының қатысуымен Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған шығармашылық кеш, Ұлттық Академиялық драма театрда «Абай» қойылымы көрсетіледі. 

Өзбекстан Жазушылар одағы мүшелерінің қатысуымен жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультеттерінде Абай шығармашылығына арналған іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінде Ташкент мемлекеттік шығыстану университетімен бірлесіп «Абай философиясы мен Орталық Азия ойшылдары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылады.

Бұдан басқа, «XIX ғасырдағы өзбек және қазақ ойшылдарының ортақ тарихи-мәдени мұрасы және дүниетанымының нығаюы мен дамуы» тақырыбындағы ғылыми конференция, Абай өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетілімі, Ташкент, Науаи, Жызақ, Сырдария облыстарында Абай шығармашылығына арналған мәдени-шығармашылық кештер өткізу жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама