Министрлер бірқатар балалар басылымына жазылды
Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді газетке жазылуға міндеттегендер әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баспасөзге жазылу науқанына орай Астанадағы «Қазпошта» бөлімшесіне барып, бірқатар балалар басылымына жазылды.
«Президент тапсырмасына орай биыл «Балалар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беру – мемлекеттік идеологияның басым бағыттарының бірі. Осы ретте балаларға арналған басылымдарды қолдау негізді деп білеміз», – деді Дархан Қыдырәлі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Мемлекет басшысы жаңа президенттік мерзімдегі алғашқы жарлығын ауылдарды дамыту мәселесіне арнағанын, ауылдардың баспасөзбен қамтылуы, оларға басылымдардың уақтылы жетуі аса маңызды екенін, бүгінгі жасалып жатқан нақты істер өз нәтижесін береді деп ойлайтынын айтты.
Айта кету керек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қазпошта» АҚ ақпарат саласын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Оның аясында республикалық және өңірлік баспа басылымдарын уақтылы жеткізуді жүзеге асыру жөнінде келісім де бар. Сонымен бірге министр мерзімді басылымдарға онлайн жазылу үшін министрлік тарапынан қолдау жұмыстары жасалып жатқанын жеткізді.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері мұғалімдерді газетке жазылуға міндеттеп, мәжбүрлемейді. Қазір бұл үшін әкімшілік жауапкершілік бар.
Біз мұндай фактілерді болдырмаймыз. Алайда мектептердің өздері бөлінген бюджет есебінен балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары үшін балаларға арналған газет-журналдарға жазыла алады, – деді министр.
«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова баспа басылымдарына жазылу науқанына байланысты атқарылып жатқан жұмысымен таныстырды.