Өзбекстан мен Қырғызстан шекараны бекітіп жатыр
Әндіжан су қоймасы бірігіп пайдаланылады
Өзбекстан президенті Қырғызстанмен шекара және Әндіжан су қоймасына қатысты заңдарға қол қойды.
Өзбекстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелері туралы келісімді және Әндіжан (Кемпірабад) су қоймасының су ресурстарын бірігіп пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы заңдарға қол қойылды. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерімен бауырлас екі халықтың арасындағы сыйластық пен тату көршілік нығайып, 30 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер шешілуде, – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл халықаралық келісімдерге Өзбекстан Сыртқы істер министрі В.Норов бастаған делегацияның 3 қарашада Бішкек қаласына сапары барысында қол қойылған. Атаулы заңды 14 қарашада Заң шығарушы палата қабылдады. Сенат 18 қарашада мақұлдады. Оларды ратификациялау туралы Қырғызстанның заңдарына Қырғыз Республикасының президенті 29 қарашада қол қойды.
Өзбекстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелері туралы келісім 13 баптан тұрады. Онда өзбек-қырғыз мемлекеттік шекарасының 35 учаскесіндегі жалпы ұзындығы 302,29 шақырым болатын сызығы анықталды.
Өзбекстанға Әндіжан су қоймасының аумағынан 4 957 гектар және бөгетті күтіп-баптау мен қорғау үшін қосымша 19,5 гектар жер, ал Қырғызстанға өтемақы ретінде 1019 гектар жайылымдық жер беріледі.
Сондай-ақ «Ғавасай» учаскесінен 12 849 гектар жер Әндіжан су қоймасының салынбай қалған Кемпірабад сол жағалау каналының өтемақысы ретінде Қырғызстанға беріледі. Осыған байланысты қырғыз тарапы «Ғавасай» өзенінің табиғи ағысына кедергі келтіретін гидротехникалық және басқа да құрылыстарды салмауға, судың техникалық ластануына жол бермеуге міндетті болады.
Әндіжан су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару мәселесі мен Сух ауданындағы «Чашме» бұлағы орналасқан учаске жеке келісімдермен реттелетін болып келісілді.
Өзбекстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасының кейбір учаскелерінде демаркациялау жұмыстары аяқталғанға дейін мемлекеттік шекараны бақылау және күзету жерді нақты пайдалану шекаралары бойынша іске асырылады.
Әндіжан (Кемпірабад) су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару туралы келісім 11 баптан тұрады. Онда Әндіжан су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару жөніндегі бірлескен комиссия (Өзбекстаннан – Су шаруашылығы министрі) құрылып, оның қызметі туралы ереже бекітілді.
Өзбекстан мен Қырғызстан тарапынан келісімнің орындалуына жауапты билік органдары (Өзбекстан тарапынан – Су шаруашылығы министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және министрлер кабинетінің жанындағы су шаруашылығы объектілерінің қауіпсіздігін бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекция) және олардың өзара ынтымақтастық тәртібі белгіленді.
Әндіжан су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару туралы келісімге қатысушылардың өзара міндеттемелері көрсетілді.
Өзбек тарапы су қоймасындағы су деңгейін горизонталь бойынша 900-ден жоғары емес деңгейде ұстауға, Қырғызстан азаматтарының су қоймасының суына еркін қол жеткізуін және пайдалануын қамтамасыз етуге (малға су беру, суару, балық аулау) сонымен қатар оның айналасына инженерлік-техникалық құрылыстар орнатпау міндеттемесін алған. Қырғыз тарапы су қорғау аймақтарын құруды және оны пайдалану режимін сақтауды қамтамасыз етуге міндетті болады.
Әндіжан су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Өзбекстан мен Қырғызстан жүзеге асыратын шаралар келісілді. Оған сәйкес, Өзбекстан тарапы су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, оны пайдалануды іске асырады. Техникалық қызмет көрсетеді. Қырғыз тарапымен келісілген шектерде суды шығарады.
Жалпы, шекара сызығын делимитациялауды аяқтау арқылы елдеріміз арасындағы қарым-қатынас нығайып, келіспеушіліктерге жол берілмейді.
Әндіжан су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқарудың құқықтық негізі құрылады. 2,5 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін өсіріп, 500 млн доллардың өнімін экспорттау үшін 8 мыңға жуық шаруа қожалығын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.