×

Петропавлда тағы да су құбыры жарылды

Облыстық балалар ауруханасы, «СевКазЭнерго» компаниямен 15 көпқабатты үй сусыз отыр

 Самат Жақып 01.12.2022 | 20:43

Қыс бастала салысымен Петропавл қаласында тағы да су құбыры жарылды. Бұл жолы төтенше жағдай Мағжан Жұмабаев және Сәбит Мұқанов көшелерінің қиылысында болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Кезекші бөлімге қоңырау кешкі сағат 18-15 те түскен. Мамандардың болжамы бойынша диаметрі 800 мм болатын су құбырынан ақау шыққан. Дәлірек айтсақ құрылыс – монтаждау кезінде екі құбыр дұрыс жалғанбаған. Салдарынан атқылаған су жолға және жақын маңдағы жер үйлердің ауласына дейін жайылды. 

Қазір қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» ЖШС авариялық бригадасы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. 

Осыған байланысты облыс орталығында су қысымы төмендетілген. Салдарынан бірнеше аудан сусыз отыр. 

Ал апат болған ауданда 15  көпқабатты тұрғын үй, облыстық балалар ауруханасы, «СевКазЭнерго» АҚ кеңсесі судан ажыратылды. 

Апат болған жерде қала басшысымен, жауаптылардың барлығы жүр. Олар тіршілік нәрі ажыратылғандарға суды көлікпен жеткіземіз деп сендіріп отыр. 

Жалпы, естеріңізге сала кетейік Петропавлда алтыншы қараша күні су құбыры жарылып, халық бірнеше күн сусыз қалған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама