×

Футболдан әлем чемпионаты басталғалы бәс тігушілердің қатары көбейді

Құмар ойынға құныққандарды бүгінде шалғай ауылдардан да табасыз

 Халық үні 01.12.2022 | 07:24
фото: Caravan.kz

Футболдан әлем чемпионаты басталғалы бәс тігушілердің қатары көбейді. Сарапшылар бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуі мүмкін дейді. Бұл туралы Астана телеарнасының сюжетінде көрсетілді. 

Ермек есімді азаматтың бәс тігуді ермегіне айналдырғанына бірер апта ғана болды. Катардағы доп додасын үзбей көріп, достарына ілесіп, қатарынан қалыс қалғысы келмей бірге бәс тіге бастаған.

Достарым ставка қояды. Бірақ жұмыс істемейді. Арасында ақша табады. Менің ойымша ол жаман емес. Ақша табудың жолы боп тұр. Бүкіл жерде рекламаны көремін, мешіттің жанында, остановкада, көп жерде десем болады, дейді Астана қаласының тұрғыны Ермек. 

Айналада сары масадай самсап тұрған bet-тер бет қаратпай жатыр. Жарнамасына көз сүрінеді. Құмар ойынның құрығына ілінгеніңді байқамай да қаласың. Оңай олжаға кенелгендерден гөрі керісінше опық жегендер көп бүгінде.

Бұл тотализаторлардың торына түсіретін төте жол. Құмар ойынға құныққандарды бүгінде шалғай ауылдардан да табасыз.

Қора-қора малын букмекерге салып жіберген. Әлеуметтік топ таңдамайды. Бұл ойынды жағдайы төмен де, жақсы да ойнайды. Шенеуніктер тіпті полиция да ойнайды мысалға. Одан бөлек отбасымен де ойнайды. Соның ішінде алтын белгілер, қызыл диплом тіпті Болашақты оқып келіп, шетел көрген азаматтар да ойнайды. Бұл кәдімгі вирус сияқты таралады, дейді блогер Дәулет Мұқаев. 

Діни басқарма өкілдері басында адам баласының нәпсісіне жеңіл тиіп, еліктіргенімен, зардабы ауыр екенін айтады. Адал еңбекпен табыс таппағасын берекесі де болмайды.

Иә иман келтірген момындар, расында арақ сияқты адамды мас қылатын нәрселер, құмар ойындары және тігілген пұттар және бал ашулар мұның бәрі шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыласыңдар деп Алла тағала құранда ашық баяндап қойған, деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы. 

Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынның кесірінен миллиондаған қарызға батты. Әрбірінің берешегі 10 млн теңгеден асады деп депутаттар дабыл қағып, үкіметке үмітпен қарап еді. Алайда, құрдымға құлататын құмар ойынға түпкілікті төтеп беретін күн тумады әлі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама