×

Қатардағы әлем чемпионатында сенсация болды

Бірінші таймда қос командада мүмкіндік болғанымен, есеп ашылған жоқ

 Халық үні 30.11.2022 | 23:18
фото: ашық дереккөзден

Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатында D тобында Франция мен Тунис құрамалары сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Осыған дейін Аустралияны 4:1, Данияны 2:1 есебімен ұтқан француздар 6 ұпаймен плей-офф кезеңіне күні бұрын жолдама алған еді.

Даниямен тең түсіп (0:0), Аустралияға жол берген (0:1) Тунис құрамасына тек жеңіс қажет-ті. Тунис Францияны ұтқан жағдайдың өзінде Аустралия мен Дания тең ойнауы керек. Сондай-ақ бір ұпайы бар Дания ұтса, онда да екінші жолдама иесі қосымша көрсеткіштер бойынша анықталатын еді.

Франция бапкері Дидье Дешам Туниспен матчқа қосалқы құрамды шығарды.

Бірінші таймда қос командада мүмкіндік болғанымен, есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде Тунис құрамасы гол соқты. Эльес Схири алаңның ортасында Юссуфа Фофанадан допты тартып алды да, Аисса Лайдуниға жылжытты. Ол Вахби Хазриге асырды. Еуропа клубтарында доп тепкен В.Хазри 58-минутта қақпа бұрышын дәл көздеді – 1:0.

Осыдан кейін ғана Д.Дешам Килиан Мбаппе сияқты негізгі ойыншыларын қосты. Француздар қақпаны жиі нысанаға алды. 98-минутта Антуан Гризманн таразы басын теңестіргенімен, гол есептелмеді. Тунис өз тарихында алғаш рет Францияны ұтқанымен, плей-офф кезеңіне шыға алмады. Данияны жеңген Аустралия мақсатына жетті.

Сөйтіп, Тунистен ұтылғанына қарамастан, Франция өз тобында бірінші орынға ие болды. Әлем чемпиондары 1/8 финалда С тобында екінші орын алған командамен шеберлік байқасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама