Қостанай әкімдігі 40 млн теңгеге шырша мен мұз қалашық салғалы жатыр
Алайда қала әкімі бұл қаражаттың өзі жеткіліксіз деп отыр
Қостанай қаласының әкімдігі жаңа жыл мерекесіне қызу дайындықты бастап кетті. Биыл жергілікті бюджеттен шырша орнатып, мұз қалашық салуға 40 млн теңге бөлінген.
Атап айтқанда, облыс орталығында орнатылатын жаңа жыл нышанын безендіруге бюджеттен 20 млн теңгеден аса ақша жұмсалса, мұз қалашық пен түрлі мүсіндерге 16 млн 800 мың теңге қарастырылған. Алайда қала әкімі бұл қаражаттың өзі жеткіліксіз деп отыр.
Облыс орталығы үшін бұл көп ақша емес. Сондықтан бұл жұмысқа барлықтарыңыздың атсалысуларыңызды сұраймын. Көшеге шығып, бірдеңе істеудің керегі жоқ. Әуелі өз ғимараттарыңызды безендіріп, өз тұтынушыларыңыз үшін мерекелік жағдай жасаңыздар, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Сондай-ақ қаладағы тағы екі шағын ауданда мерекелік шырша бой көтереді. Жаңа жыл қарсаңында қалалық жағажай аумағы да демалыс орнына айналып, онда сырғанақ орнатылады, шаңғы жолы салынады. Тамақтану орны да ашылып, адамдар жылынатын арнайы вагондар да қойылады екен.