Контрабанда және заңсыз көші-қонмен айналысқан қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)
Бір жүк көлігінің кедергісіз кіріп-шығуы үшін 200 мың теңгеге дейін ақы алынып отырған
Ішкі істер министрлігі контрабанда және заңсыз көші-қонды ұйымдастырумен айналысқан топты ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті ҰҚК-нің 5 департаментімен бірлесіп, Өзбекстан Республикасымен шекаралас Түркістан облысының «Қазығұрт» кеден бекетінде өздерінің қылмыстық қызметін жүзеге асырған топқа қатысты ауқымды арнайы операция жүргізді.
Бұл адамдар кеден бекетіндегі сыбайластарымен байланыстарын пайдалана отырып, «брокерлік қызметтер» көрсету деген желеумен тауарларды жалған құжаттар бойынша заңсыз әкелумен айналысқан. Тасымалданатын жүкке байланысты бір жүк көлігінің кедергісіз кіріп-шығуы үшін 200 мың теңгеге дейін ақы алынған. Бұл кейіннен тауардың бағасының өсуіне әсер еткен. Тәулігіне кеден бекеті арқылы 150-ге жуық автокөлік өткен.
Сонымен қатар, қылмыскерлер көрші елдің азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуіне қолдау көрсеткен. Жедел қызметкерлер бүкіл қылмыстық схеманы анықтап, құжатқа толтырды. Бір мезгілде тінту жүргізіліп, ірі көлемдегі ақша, атыс және суық қарудың түрлері, «қара кассаның» есепке алу жазбалары, шетел азаматтарының паспорттары, арнайы техникалық құралдар тәркіленді.
Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр.