Облыста 158 адам медициналық көмекке жүгінді, оның ішінде 41 бала бар
Жамбыл облысында көктайғақ кезінде жарақат алған төрт адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 28-29 қараша аралығында облыс аумағында ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 41 бала медициналық көмекке жүгінді.
Ауруханаға жатқызылған балалар жоқ. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына 117 адам медициналық көмекке жүгініп, 4 адам ауруханаға жатқызылды. Олар тізе, қол, аяғын жарақаттаған, - делінген ақпаратта.
Жамбыл облысында көктайғақ салдарынан соңғы бір тәулікте 15 жол апаты болды. Салдарынан 10 адам жарақат алған.
«28 қарашада облыс және Тараз қаласы аумағында 15 жол-көлік оқғасы тіркелді. 10 адам жеңіл дәрежедегі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының себебін анықтау мақсатында сараптама тағайындалды. Қазір барлық бағыт бойынша жолдар ашық», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты қала мектептеріндегі ІІ ауысымда оқитын оқушылардың сабағы қысқартылған тәртіппен, яғни 30 минуттан оқытылып, сағат 17.00-де аяқталды.
Қала билігі 28-29 қарашада қала көшелеріне құм, тұз себу жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп жатыр. Қазірге дейін 79 көшеге құм, тұз себу жұмыстары толықтай жүргізілді. Бұл жұмыстарға 16 арнайы техника және 185 жұмысшы жұмылдырылған.
Айта кетейік, 28 қарашада кешке көктайғаққа байланысты Тараз – Шымкент тас жолы жабылған. Қазір республикалық маңызы бар жолдар ашылды. Ал жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.