Полиция интернет-алаяқтық қылмыстарын аша алмай жатыр
10 айда қазақстандықтар 15 млрд теңгеге алданған
Биыл Қазақстанда интернет-алаяқтық бойынша 18 мың қылмыс тіркелген. Тәртіп сақшылары тек 3 мың қылмысты ашты. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өткен жылы 19 мың қылмыс болған. Биыл 18 мың қылмыс тіркелді. Оның 3 мыңын аштық, - деді ол ОКҚ-да өткен брифингте.
Журналист полицейге «15 мың қылмыс ашылмаған. Неге ашылмай тұр? Мамандар аз ба?» деп сұрады.
«Оның мамандарға қатысы жоқ. Мұнда әр қылмыстың өзінің ерекшелігі бар. Барлық қылмысты бірдей деп айта алмаймыз», - деді Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы.
Жандос Сүйінбайдың айтуынша, 10 айда қазақстандықтар 15 млрд теңгеге алданған.