Halyq Uni логотип
×

Енді сыбайлас жемқорлыққа қатысты ақпаратты eGov порталынан алуға болады

Бұған дейін мәліметтерді Е-otinish азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы алуға болатын

 Динара Амантай 29.11.2022 | 15:26
Енді сыбайлас жемқорлыққа қатысты ақпаратты eGov порталынан алуға болады
Фото: Halyq Uni

Енді азаматтар сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы ақпаратты eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасынан ала алады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қызмет онлайн режимде қолжетімді және тегін көрсетіледі. Жаңа қызметтің көмегімен азаматтық қызметке кіру, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасу кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыстың болуы немесе болмауы туралы мәліметтер алуға болады. Бұған дейін мәліметтерді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті және оның өңірлік басқармалары азаматтардың жеке өтініштері бойынша Е-otinish азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы алуға болатын.

Мәліметтер жұмыс берушіге ұсынылғаннан кейін жұмысқа қабылдау туралы шешімді жұмыс беруші қабылдайды. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына жол берілмейді. Бұл жаңартулар президенттің бюрократиядан арылту туралы Жарлығы шеңберінде жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Оның маңыздылығы – мемлекеттік басқарудың барлық салаларын цифрлық трансформациялау және жүйелі реинжинирингтеу.

Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау туралы мәліметтер мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың болашақ қызметкерлері үшін қажет. Қолайлы болу, уақытты үнемдеу үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп, оны онлайн форматқа ауыстырдық. Сонымен қатар, бұл қызмет түрі танымал, іске қосылған сәттен бастап 98 мыңнан аса адам мәлімет алды. Сонымен қоса, жақын арада біз қызметті үшінші тұлғалардың сервисі арқылы іске қосамыз, – деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

eGov.kz порталында жаңа қызметті алу үшін пайдаланушылар келесі қадамдарды жасауға тиіс:

- порталда авторланудан өту;

- басты бетте «Азаматтарға» - «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» - «Жұмысқа орналастыру және жұмыс іздеу» бөлімін таңдау;

- «Адамның сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы мәліметтер беру» қызметін таңдап, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;

- қызметке ЭЦҚ қою және алу.

Қызмет көрсету мерзімі:

- 10 минут;

- қосымша тексеру қажет болған жағдайда – 5 жұмыс күні;

- қосымша тексеру жүргізілген жағдайда 3 жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші сұрау салуды алған сәттен бастап 20 жұмыс күні өткен соң қайта өтініш беру қажеттігі туралы аралық жауап жолданады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама