«Казфосфат» ЖШС жұмысшыларының жалақысына 80 мың теңге қосылатын болды
Барлық мәселелер жедел әрі кезең-кезеңімен шешіледі
23 қарашада «Қазфосфат» ЖШС-ында болған жағдайға байланысты облыс басшылығының, тиісті органдардың және серіктестік қызметкерлерінің қатысуымен жұмысшы топ құрылып, кездесу өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кездесуде жұмысшылар тарапынан еңбек қатынастары бойынша 14 мәселе көтерілген. Олардың қатарында іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, айлықты көтеру, емдеу, сауықтыруға қаражат қарастыру, цехтардағы зиянды жұмыстар бойынша теңсіздікті қарастыру, арнайы жұмыс киімді мерзімінде ауыстыру және сапасын жоғарылату, жұмысшыларды тасымалдау орындарын ұлғайту, жақсы әрі сыйымды көліктермен қамту және тағы басқа мәселелер қаралды.
Мекеме басшылығының айтуынша, қабылданған шараларға сәйкес, жұмысшылардың қажетті материалдарын қалаған тілінде беру мәселесі қатаң бақылауға алынатын болады.
Сондай-ақ «Казфосфат» ЖШС қызметкерлерінің айлық жалақысы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10%-ға, 1 шілдесінен бастап 15%-ға (орташа 216,5 мың теңге), 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да 10%-ға және 1 шілдеде 10%-ға көтерілген.
Бүгінде орташа айлық көлемі – 255,9 мың теңге. Сонымен қатар, биылғы желтоқсан айында 13-ші айлық жалақы (100% көлемінде) барлық қызметкерлерге беріледі.
Бұған қоса 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖШС қызметкерлерінің жалақысы 50 мың теңгеге, 1 шілдеден бастап 30 мың теңгеге көтеріледі және 2024 жылдан бастап шынайы инфляция құнын ескере отырып, жалақыға қосымша жыл сайын қосылып отыратын болады.
Бұдан бөлек, компания қызметкерлерін емдеу, сауықтыруға жіберу бойынша келесі жылдан бастап 4 санаторимен келісім-шарт жасалады. ЖШС-нің «Коктал» санаториіне қосымша 5 санаторий ұсынылады.
Қазір «Казфосфат» ЖШС-нің цехтарында зиянды жұмыстары бойынша өтемақы төленіп келеді. 2023 жылдан бастап ЖШС-нің барлық өндірістік цехтары қайта аккредитациядан өтіп, заңнама талаптарына сәйкес, цехтар жұмысшыларына зиянды жұмыс жағдайы бойынша өтемақы жаңадан бекітіледі.
«Казфосфат» ЖШС-нің қызметкерлері толығымен кәсіби жұмыс киім және аяқ киіммен (спецформа) қамтылған десек, алдағы уақытта сол кәсіби жұмыс киімінің сапасы қайта қаралып, пайдалануы бір мерзімдік мезгілде ауыстырылатын болады.
Сол секілді «Казфосфат» ЖШС-нің жұмысшыларын тасымалдау бойынша автопарктермен келісімшарт жасалған. 2023 жылдың қаңтар айынан қосымша жаңа автобустармен жұмысшыларды тасымалдау мәселесі шешілетін болады. Биылғы жылдың соңына дейін жұмысшыларды зауытқа алып кететін қосымша аялдамалар маршруттарға қосылады.
Осы және басқа да назарға алынған барлық мәселелерді жедел әрі кезең-кезеңімен шешу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Басқа да өзекті мәселелер компания басшылығының жіті бақылауында.