×

Шымкентте әйелдердің зейнет жасын төмендету талабымен митинг өтпек

Белсенділер жер-жерден Шымкентке жиналатындарын мәлімдеді

 Ербол Тұрымбет 28.11.2022 | 16:15
Фото: inbusiness.kz

Әйелдердің зейнет жасын 58-ге түсіру жөніндегі республикалық әйелдер қозғалысы 4 желтоқсанда Шымкентте митинг өткізетіндерін жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Республика бойынша өткіземіз деген жоспары болғанымен, өзге қалалардың әкімдіктері митинг өткізу өтінішіне әлі жауап бермеген. Рұқсат сол күйі рұқсат берілмеген жағдайда белсенді әйелдер жер-жерден Шымкентке жиналғалы жатыр. 

Айтуларынша, зейнетке шығуға 61 жасты күте алмайтын егде жастағы науқас әрі жұмыссыз әйелдерге Үкімет пен «Amanat» партиясының назарын аудару.

Сонымен қатар, 1996-2027 жылдар аралығында зейнетке шығатын әйелдердің зейнет жасын 8 жылға ұзартса, осы аралықтағы еркектердің зейнетке шығу жасын 3 жылға ғана ұлғайтып отыр.

Бұдан басқа, «Зейнетақымен қамтамасыз ету» туралы заңның 11 бабы, 1 тармағы, 2 абзацындағы әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке көтеру Конституцияның 14 және 39 баптарына қайшы келеді, бұл жыныстық кемсітушілік деп есептейді. 

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында «әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалатынын» айтқан еді. Ол жөніндегі заң жобасы Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданып, Cенаттың қарауына өткен.

Белсенді әйелдер енді заңда 61 жас деп бекітілгенімен, әйелдерге өз еркімен 2-3 жыл ерте шығуға мүмкіндік беруді де заңға қостыруды сұрап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қозғалыс өкілдері наразылық акциясын өткізетінін ескерткен еді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама