Биыл бизнеске заңсыз араласқан 65 шенеунік сотталды

Дәурен Ерболат

Агенттік қызметкерлері мыңнан аса тергеу әрекеттерін жүргізуге жол бермеген

Фото: zakon.kz

Жыл басынан бері Қазақстанда кәсіпкерлікке заңсыз араласудың 72 дерегі анықталып, 65 шенеунік жауапқа тартылды, деп хабарлады Антикор.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде агенттік төрағасының орынбасары Асхат Жұмағалидің басшылығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыс тобының және «Атамекен» ҰКП-ның кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Оған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебай, палатаның құрылымдық бөлімшелері мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының басшылығы, сондай-ақ агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.

Отырыста кәсіпкерлердің өзекті және проблемалық өтініштері қаралып, топ жұмысының алдын ала қорытындысын шығарды. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен міндеттер айқындалды.

Аумақтық департаменттердің бизнестің қатысуымен қылмыстық істерді тергеу әрекеттері едәуір қысқартылды. Бұл – агенттік енгізген ведомстволық бақылау тетігінің нәтижесі.

Бизнеспен мыңнан аса тергеу әрекеттерін жүргізуге жол берілмеді, бұл кәсіпкерлерді тергеу кабинеттеріне баруға, іс жүргізу іс-шараларына қатысуға артық уақыт жұмсаудың алдын алады.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары бизнеске заңсыз араласу және оған қысым жасау фактілерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Жыл басынан бері осындай 72 факт анықталды. Олар бойынша 165 сотқа дейінгі тергеу басталды, 112 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 65-і сотталды. Заңсыз әрекеттердің көпшілігі пара алумен байланысты. Оның ішінде орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою, рұқсат құжаттарын беру және басқалары жатады. Олардың жалпы құрылымдағы үлес салмағы – 80%, - деп жазылған хабарламада.

Антикор тергеушілері жоғарыда көрсетілген барлық факті бойынша мемлекеттік органдар басшылығының атына сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныстар енгізді.

Жұмыс тобының келесі отырысы оның бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі.

Сондай-ақ күн тәртібіндегі тағы бір өзекті мәселе сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу барысы болды.