Қызылорда облысында жүргізуші көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылды

Динара Амантай

Сондай-ақ оған 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысы Арал аудандық сотында мас халде көлік жүргізген К. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотталушы К. бұған дейін масаң күйде көлік тізгіндегені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, биыл 28 қазанда автокөлікті масаң күйде басқарып келе жатқан кезінде оны полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Сотталушының бұл қылмыстық әрекеті іс құжаттарымен және сотта өзінің айыбын мойындап берген жауабымен толық дәлелденген.

Сот үкімімен К. Қылмыстық Кодекстің 346-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.