×

Елімізде ерекше балаларға қолдау көрсету күшейтілмек

Аутизм мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

 Динара Амантай 28.11.2022 | 09:56
Фото: "Болашақ" корпоратив қоры

Қазақстанда аутизмі бар балалармен жұмыс жөніндегі кешенді құжат бекітілмек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрлікте аутизм мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен ерекше балаларға қолдау көрсету мәселелері және арнайы әзірленіп жатқан Жол картасы жобасы талқыланды.

Мамандардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, аутизмі бар балалармен жұмыс жөніндегі кешенді құжатты бекітуді жоспарлап отырмыз, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол бұл ретте шешілуге тиіс бірқатар мәселелерге тоқталды.

Біріншіден, бүгінгі күнгі өзекті мәселе - балалардағы аутизмді дер кезінде анықтау. Негізінде ол бала мектепке дейінгі ұйымға келген кезде анықтала бастайды. Аутизм белгілерін байқаған тәрбиешілер ПМПК немесе емханаға жүгінуді ұсынады. Ең өкініштісі, көпшілігі бұны мектеп жасында, бала 1-сыныпқа барған кезде анықтайды. Аутизм дер кезінде, ерте кезеңде анықталатындай шаралар қабылдау қажет, сонда ғана қолдау көрсету тиімдірек болады.

Екіншісі - аутизм синдромы бар балалардың ата-аналарына қолдау көрсету. Ата-аналар ерекше қажеттіліктер туралы білгенде, мамандарды іздей бастайды. Әдістемелермен жұмыс істеу, ата-аналарға онлайн курстар ұйымдастыру маңызды. Бірнеше модуль әзірлеу жоспарланып отыр. Мысалы, ата-аналар аутизм туралы алғаш білгенде не істеу керек, қайда барып, қандай шаралар қолдану керек, қандай көмек алуға болатыны сияқты кіріспе курсқа қатысады. Баланы үйде қалай оңалтуға болатыны туралы ата-аналарға арналған басқа да арнайы онлайн бағдарламалар дайындау жоспарланған.

Үшіншіден, мектептерде балаларға оқу кезінде көмек көрсететін педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мектепке дейінгі ұйымдарға да педагог-ассистент штатын енгізу жоспарланып отыр. Бірақ оларға білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көмектесетін жеке көмекшілер беру қажет.

Төртіншіден, балабақшалар мен мектептердегі ресурстық орталықтарды одан әрі дамыту керек. Қазірдің өзінде ондаған орталық ашылды. Енді олардың жұмысын үйлестіру мен қолдау қажет. Республикалық орталықта осы жұмысты жүргізетін супервайзер мамандарды штатқа енгізу жоспарланған.

Бесіншіден, ПМПК психологиялық-педагогикалық модельде жұмыс істеуі керек. Мамандардың міндеті – педагогикалық, психологиялық қолдау көрсету. Үш жылдың ішінде ПМПК саны шамамен үштен бірге көбейгенін айта кеткен жөн. Бұл өте маңызды динамика. Бірақ әлі де сұрақтар бар, сондықтан биыл жаңа заң жобасына бастама жасалды. Осы түзетулердің нәтижесінде қазір 50 мың балаға бір ПМПК ашудың жаңа нормативі белгіленді. Бұл тағы 36 ПМПК ашуға мүмкіндік береді.

ЕБҚ (ерекше білім беру қажеттілігі) бар балаларды қамтуды арттырудың тағы бір тиімді тетігі - мемлекеттік тапсырысты жекеменшік ұйымдар арасында орналастыру. Министрлік бастамашы болған заң жобасы мемлекеттік тапсырысты, оның ішінде ҮЕҰ және аутизмі бар балалармен жұмыс істеуге маманданған басқа да жекеменшік ұйымдар арасында орналастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жекеменшік орталықтар арқылы да қолдау көрсетіледі.

Өңірлерде түзету кабинеттері мен аутизм орталықтарының желісі одан әрі дамытылады. Бүгінде 12 аутизм орталығы жұмыс істейді, келесі жылы өңірлерде осындай тағы 8 орталық ашылуы қажет. Сонымен қатар диагностиканың да, оңалтудың да бағдарламалары, әдістері мен процедуралары бойынша жұмыс істеу қажет.

Алтыншыдан, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жасалып жатыр. Университеттерге ПМПК мұғалімдері, психологтары және түзету кабинеттері үшін мамандандырылған магистратура ашу ұснылды. Бұл ПМПК, ППТК және орталықтардың мамандары сұхбат арқылы ағылшын тілінсіз түсуі үшін қажет. Бакалавриат бағдарламалары аясында даярлау, курстарда мамандарымыздың біліктілігін арттыру бүгінде ерекше назар аударуды қажет етеді.

Бұл мәселелерді шешу үшін алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларымызды қолдау үшін барлық мүдделі ұйымның бірлескен жұмысын қамтамасыз ету міндеті тұр, – деп түйіндеді сөзін министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама