Жетісу облысында көлік апатынан 5 адам мерт болды
Олардың арасында бала да бар
Жетісу облысында көліктер соқтығысып, 5 адам көз жұмды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Айта кетсек, 26 қарашада Көксу ауданында, Алматы – Өскемен тас жолының 187 шақырымында Volvo жүк көлігі мен Lexus 570, Nissan Cefiro, Toyota Camry және Volkswagen Passat автомобильдері соқтығысты.
Оқиға орнында 4 адам қаза тапты. Сондай-ақ жарақат алған бірнеше адам медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді, - деп жазылған хабарламада.
Кейін дәрігерлер ауруханаға жатқызу кезінде тағы бір адамның қайтыс болғанын хабарлады. Ол – оқиға орнынан Сарыөзек ауылындағы ауруханаға жеткізілмек болған 7 жастағы бала.
Қазір 6 адам аудандық ауруханаға жатқызылды. Оның бесеуі жансақтау бөлімінде. Жеңілдеу жарақат алған 3 науқас амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. Науқастардың барлығының сүйегі сынған, көп жарақат алған, - деп хабарлады Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Жол апаты дерегі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Полиция қылмыстық іс қозғады.