149 көпқабатты тұрғын үй, 15 әлеуметтік нысан және 12 заңды нысан жылусыз қалған
Бұл туралы Екібастұздағы жағдай бойынша облыс әкімінің міндетін атқарушының төрағалығымен өткен жедел штабтың отырысында мәлім болды. Жиынға ҚР Энергетика вице-министрі, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС басшылары, «ОАЭК» АҚ акционерлері мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тараптардың есептерін тыңдап, тапсырма берді.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директоры Павел Мельничуктың айтуынша, №11 қазандықтағы қыздыру бөлігінде ақауы анықталған. Қазір үш энергетикалық және екі су жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр. Тағы біреуін іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Температура 70-тен 42-ге дейін сақталып тұр.
«Жылу жүйесінің қалыпты режимін қалпына келтіру және температуралық ауытқулар есебінен қайта ақау тудырмау үшін біз жылу беруді тым жылдамдатпауға тырысамыз. Шамамен кешкі сағат сегіз-тоғыздарда №12 қазандықты іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Павел Мельничук.
Тараптардың ақпараты бойынша, сағат 21:00-де №5А, 5Б, 6 шағын аудандар жылусыз қалған. Мұнда 149 көпқабатты тұрғын үй, 15 әлеуметтік нысан және 12 заңды нысан бар.
«Станциядағы жағдайды тұрақты деңгейде ұстап қалдық, барлық қазандықтар жұмыс істеп тұр. Көмір мен мазут бар. ЖЭО-да технологиялық бұзушылық жоқ. Барлық мәселе желілерге байланысты болып тұр. Басты күрделі мәселе - орталық магистраль су астында қалды. Суды сорып алу үшін тиісті қызметтер жұмылдырылды», - деді «ОАЭК» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Круктің айтуынша, қалада жылу желілеріндегі су құбырларда сақталып қалды, олар қатып қалған жоқ.
«Ақау шығу қаупі бар учаскелердің санын азайту және жылу желілерін іске қосу үшін барлық қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Қазір Мәшһүр Жүсіп көшесінде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Суды сорып болған соң жағдай түзелуі тиіс», - деді Олег Крук.
Әбілқайыр Сқақов жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтіп, жылудан ажыратылған үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жеке мобильді топтар құруды тапсырды.