Арнайы қызмет өкілдері жетіп, оларды Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне алып кеткен
Қырғызстан парламентінің екі депутаты Эмиль Жамгырчиев пен Шыңғыс Айдарбеков қырғыз-қазақ шекарасынан өткізілмеді, деп хабарлады 24.kg.
Депутаттар Қазақстанға жеке шаруаларымен келмек болған. Алайда олардың «Ак-Жол» бақылау-өткізу бекеті арқылы өтуіне рұқсат берілмеген. Кейбір мәлімет бойынша, ол жерге арнайы қызмет өкілдері жетіп, екеуін де Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне алып кеткен.
24.kg ақпарат агенттігінің мәліметінше, Кемпір-Абад су қоймасын Өзбекстанға беруге қарсы дауыс бергендердің қатарында Эмиль Жамгырчиев пен Шыңғыс Айдарбеков те болған. Екеуі де «Альянс» фракциясының мүшелері.
Кейін Парламент депутаты Эльвира Сурабалдиева Twitter-дегі парақшасында Эмиль Жамгырчиевтің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінен босатылғанын хабарлады. Оның айтуынша, әріптестері Қордайдағы (Қазақстан) өткізу бекеті арқылы жерлеу рәсіміне бара жатқан.