×

Мемлекет басшысы ауылды дамытуға тапсырма берді

5 жылға арналған нақты жоспар әзірленеді

 Дәурен Ерболат 26.11.2022 | 11:23
Фото: ru.best-wallpaper.net

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ауылды дамытуға тапсырма берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы бүгінде босаңсымауға болмайтынын атап өтті.

«Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын”, – деді ол Астанада өткен инаугурацияда.

Осыған байланысты президент Үкіметке нақты тапсырма беретінін жеткізді.

Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз, – деп сөзін түйіндеді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін президент кезектен тыс президент сайлауына қатысты пікір білдірген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама