«10 жасар қыз жүкті болып қалған»: жасөспірімдердің ерте жүктілігі бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр
Қазір ерте жүктілік бойынша елімізде Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр
Еліміздегі тағы бір өзекті мәселе-ерте жүктілік, жасанды түсік. Жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік көрсеткіші Еуропамен салыстырғанда бізде 3-4 есе артық. Мамандар бұл келеңсіз жайттың алдын алу үшін балаларға жыныстық тәрбиені 12 жастан бастап жүйелі, сауатты түрде жүргізу керек деп есептейді, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
18 жастағы Мереке алданып қалдым дейді. Аяғының ауыр екенін кеш білген. Жүктілігін естіген соң жігіті тастап кетіпті. Бұл жас қыз үшін ауыр соққы болған.
«Басында кездесіп жүрдік, инстаграммен араластық. Басында дос ретінде сөйлесіп жүрдік те, кездесіп бастадық. Одан соң үйленемін, өйтем-бүйтем деген сияқты айтты. Сосын аяғым ауыр екенін кеш білдім, 5 айға дейін білген жоқпын. Былайша айтқанда алданып қалдым» , – деді Мереке атты қыз.
Жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Одан кейін Маңғыстау және Жамбыл облысы тұр. Ал ең төменгі көрсеткіш Астана мен Алматы қалаларында.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, былтыр ерте жүктілік бойынша 8 жағдай тіркелген. Жасына жетпей бала көтеріп қалғандар оны алдыру үшін мемлекеттік емес жеке клиникаларды жағалайды екен.
«Жамбыл облысы бойынша жасөспірімдердің арасында ерте жүктілік жиі кездеседі. Осы жылдың 10 айындағы көрсеткіш бойынша 249 жасөспірім ерте жүкті болып босанды. Оның ішінде студенттер де бар, мектеп оқушылары да бар», – дейді Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақерке Тоқбергенова.
Гинекологтардың айтуынша, түсік жасатуға ата-ана алдындағы қорқыныш себеп болуы мүмкін. Сондықтын ерте жүктілікті болдырмаудың жолдарын іздеу керек.
«Ерте жүкті болып қалатын жасөспірім қыздардың жыныстық қарым-қатынас жайлы білімдері өте таяз. Олар жүкті болудан сақтану туралы мүлде білмейді. Қазір республика бойынша Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр. Тіпті 10 жасар қыздардың жүктілік жағдайлары бар» , – дейді ҚР ДСМ штаттан тыс балалар бас гинекологы Елена Лущаева.
Кәмелет жасқа жетпеген қыздардың жүктілігі тек денсаулыққа зиянын тигізіп қана қоймай, психологиялық түрлі дерттерге де шалдықтырады дейді мамандар.