Жастарға 2,5 пайыздық несиенің қалай берілетіні түсіндірілді
Шағын несие 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр
ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов 2,5 пайыздық несиенің жастарға қалай берілетінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, жастардың кәсіпкерлік ынтасын ояту үшін шағын несие беру мәселесі қаралып жатыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 2,5%. Жастарға 5 млн теңгеге дейін несие беріледі, төлеу мерзімі – 5 жыл. Ауыл шаруашылығымен айналысамын, ірі қара мал өсіремін деп несие алса, ол 7 жылға беріледі. Кепілдік қою талап етіледі. Сондай-ақ несиені 1,5 жылдан соң төлеуге болады. Алайда осы уақыт аралығында олар өз кәсібін ашып, оны дамытуға тиіс, - деді Асқар Ниязов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Бұл ретте ол несиенің 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға берілетінін атап өтті.
«Сенатта қаралып жатқан заң жобасы күшіне енсе, келесі жылы 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына жатқызылады. Барлық жасқа тең мүмкіндік беріледі. Олар алдымен «Агрокредиттік корпорациясы» АҚ-ына құжаттарын өткізіп, өзінің бизнес процесін қорғайды. Аталған компанияның әр өңірде филиалдары бар. Олар тиісті жұмысты жүргізеді», - деді директор.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2,5 пайыздық кредит 2023 жылы 5,8 мың жасқа беріледі деп жоспарланып отыр.