Қытайда коронавирус қайта өршіді

Дастан Жұмабекұлы

Қауіпті вирустан бір адам қайтыс болған

фото: ашық дереккөз

Қытайда пандемия басталғалы бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті.

ВВС-дің хабарлауынша, 23 қарашада коронавирус диагнозы қойылған 31 444 науқас тіркелген. Олардың 3 927-сінде ауру белгілері байқалса, 27 517 адамда жасырын белгілер болған. Қауіпті індеттен бір адам көз жұмған.

Сөйтіп, пандемия басталғаннан бері қайтыс болған адамның саны 5 232-ге жетіп отыр.

Бейжіңде бір күнде 509 адамнан COVID-19 табылған.

Қытай Коммунистік партиясының саяси бюросы коронавирустың таралуына қарсы 20 шарадан тұратын бағдарлама қабылдағанмен, індетті тоқтату мүмкін болмай тұр.

Бұл ел қазір коронавирусқа қарсы күрес аясында қалалар мен ауылдарды, ірі өнеркәсіптік аймақтарды, зауыттар мен фабрикаларды, супермаркет және саябақтарды карантинге жабу тәжірибесін қолданып жатыр. Ол әрекет халықтың наразылығын күшейтіп, ел экономикасына кері әсерін тигізе бастаған.