×

Әкімдіктер арқылы баспана кезегіне тұру тоқтатылады

Қазақстанда Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады  

 Дәурен Ерболат 25.11.2022 | 12:00
Фото: alau.kz

Баспана кезегінде тұрғандардың базасы Отбасы банкіне беріліп, әкімдіктер арқылы кезекке қою тоқтатылады. Бұл туралы бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, министрлік тұрғын үй саясатын реформалау туралы жаңа заң жобасын әзірлеген. Бүгінде құжат Мәжілістің қарауында жатыр. Вице-министр бұл заң жобасы аясында есепке алу мен басымдықтарды анықтау, сондай-ақ табысқа байланысты мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру тетіктерін өзгерту жоспарланғанын атап өтті.

Жаңа тетікке сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың кезекте тұрғандардың ағымдағы базасы (623 мың адам) «Отбасы банк» АҚ-ына беріледі және әкімдіктер арқылы кезекке қою тоқтатылады, – деді ол Сенаттағы Үкімет сағатында.

Заң қабылданған соң Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Оның базасында соңғы 10 жылда баспанасы жоқ барлық азаматтың кезектілігі жүргізілмек. Әрбір өтінімге отбасының табысын, мүлкі мен активтерін ашатын цифрлық портрет қалыптастырылады.

Еркебұлан Дауылбаев өкілетті министрліктермен бірлесіп, «Отбасының цифрлық картасы» және Smart Data Ukimet жүйелерін қолданып, кезекте тұрған адамдардың кірісін, несиелерін, жылжымайтын мүлік меншіктерін талдау бойынша жол картасы бекітілгенін атап өтті.

Нәтижесінде мұқтаждарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде жаңа атаулы тәсілдер әзірленеді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық база болады, - деді министрдің орынбасары.

Ол Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын құру, есепке қою және қарыз алуға «тұрғын үйге мұқтаж» мәртебесін растау үшін «бір терезе» қағидатын қолдануға мүмкіндік берілетінін атап өтті. Осылайша, бірнеше инстанцияға жүгінудің қажеті болмайды.

Отбасы банк жаңа тәсілдерге сәйкес, төмендегі жұмыстарды жүргізеді:

  • Бірыңғай республикалық электрондық базаны (ағымдағы база) жүргізу, мониторингілеу және өзектендіру;
  • Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингілеу, өзектендіру жұмыстарын дербес жүзеге асырады.

Айта кетейік, бүгінде үй кезегінде тұрғандар үшін жалға берілетін (жергілікті бюджет есебінен) және кредиттік тұрғын үйді бөлу есепке қою күні бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ өзектендірілген тізімді Отбасы банктің интернет-ресурсында жариялай отырып, тоқсанына кемінде 1 рет тізімдегі кезектілікті тексеру көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама