×

Астанадағы көрмеде -50° аязда төсеуге болатын асфальт таныстырылды

Оны неміс компаниясының өкілі Штефан Хартвих таныстырды

 Динара Амантай 25.11.2022 | 11:39
Фото: gov.kz

Елордада осымен 18-ші мәрте өткізіліп жатқан халықаралық «Kaztraffic-2022» көрмесін ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин ашты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, жылда ұйымдастырылатын бұл көрменің жол саласындағы шетелдік әріптестермен серіктестік көкжиегін кеңейтуде маңызы зор.

Жолдар – ең маңызды салалардың бірі. Олар біздің еліміздің күре тамырлары саналады, ел экономикасына тікелей әсер етеді. Бүгінгі көрмеде шет мемлекеттерден келген әріптестеріміз өзінің бірегей өнімдерін таныстырып жатыр. Көрмеге қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, одан әрі ынтымақтастық үшін байланыс орнатып жатыр. Бұл – іс-шараның басты мақсаты, - деді Төлеген Абдуллин.

Айта кетсек, көрмеге АҚШ, Франция, Германия, Ресей Федерациясы және басқа да елдердің өкілдері қатысты. Бұл жол және әуеайлақ жабындарын салудың, жөндеудің, күтіп ұстаудың заманауи технологияларын өндіріп, енгізуді жүзеге асыратын компаниялар.

Мәселен, неміс компаниясының өкілі Штефан Хартвих кез келген ауа райы мен температурада төсеуге болатын асфальт түрлері туралы баяндады. Айтуынша, ол таныстырған асфальтты тіпті -50 градусқа дейінгі аязда қолдануға болады.

Біздің асфальтты -50 градусқа дейінгі аязда төсеуге болады. Бұл – асфальт түні бойы осындай температурада тұрып, біз оны барып төсей саламыз деген сөз емес. Алдымен ол +15, +20 градус жылы температурасы бар бөлмеде тұруы керек. Бұдан соң учаскеге келіп, төсейміз. Ары қарай материал өзі жұмыс істей бастайды. Тіпті, ол қатып, қайтадан еріп кетсе де реакция жалғаса береді. Тағы бір артықшылығын айтар болсам, қозғалысты бірден ашамыз, - деп мәлімдеді Штефан Хартвих.

Ал отандық компанияның өкілі Мирас Камал полимерлі қоспалармен таныстырды. Өнім Америка мен Франциядан түйіршік немесе ұнтақ түрінде жеткізіледі.

Түйіршіктерді асфальтбетон зауытының араластырғышына салып, асфальттан полимер жасаймыз. Қиыршық таспен араластырып, одан кейін битумға қосқан кезде ол еріп кетеді. Қоспалар қазірдің өзінде «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Балқаш-Бурылбайтал», «Құрты-Бурылбайтал» жолдарында, сондай-ақ елорданың көшелерінде қолданылып жатыр. Бұл іс-шара шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу, сондай-ақ өзара ынтымақтастық үшін өте пайдалы екенін атап өткім келеді, - деді Мирас Камал.

Бетонға арналған химиялық қоспаларды өндірумен және іске асырумен айналысатын отандық компанияның өкілі Ғани Дүйсенбеков түйткілдерге тоқтала кетті. Оның айтуынша, елде мұнай химиясы жеткілікті дамымаған. Сондықтан шикізаттың 30%-ын импорттауға тура келетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына қарай жергілікті желі жолдарының үлесін 95%-ға дейін жақсарту міндетін қойған болатын. Соған баса ден қоюдамыз. Біздің тұрақтандырғыш негізінен қала ішіндегі жолдардың құрылысында, сондай-ақ ауылдарда қолданылады. Жуырда ғана Қараөткел кентінің көше жолдарын салған болатынбыз, - деп атап өтті Ғани Дүйсенбеков.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақмола облысында жолдар жабылғанын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама