«Өртеп жатырмыз». Депутат тері және жүн өңдейтін жаңа зауыт ашуды ұсынды
Елде малдың терісі мен жүнін өткізетін орын жоқ
Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңадан құрылған облыстарда тері және жүн өңдейтін жаңа зауыт ашуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Әр қойдан шамамен 2,5-4 келі жүн қырқылса, олардан миллиондаған тонна жүн алынады. Бірақ мен көп ауылда осы жүнді жинап алатын адам жоқ екенін өз көзіммен көрдім. Бұл жүн – шытырлаған ақша ғой. Алайда оны арнайы бір шұңқырға өртейтін жағдайға жетіп отырмыз», - деді сенатор.
Оның айтуынша, 1986 жылы Қазақстанда қойдың саны 39 млн болған.
Үкімет 30 жылда миллиардтаған, триллиондаған теңге бөліп, елдегі қойдың санын 23 млн басқа әрең жеткізді, - деді депутат.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы қойдың нақты саны – 22,8 млн бас.