Оларға емделуге екі айлық көлемінде жәрдемақы да төленеді
2023 жылы мал дәрігерінің еңбекақысы 50%-ға өседі. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, 2023 жылғы 1 наурызға дейін Үкіметке ауылдық аумақтарды дамыту концепциясы енгізіледі. Ол 10 бағыттан тұрады. Әр бағыт бойынша нақты критерийлер бар. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын Ұлттық экономика министрлігі үйлестіреді.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары биыл мал дәрігерлерінің айлығы 50%-ға өскенін, келесі жылы тағы да 35-50%-ға көтерілетінін атап өтті.
Сондай-ақ олардың денсаулығын сауықтыруға екі айлық көлемінде жәрдемақы төленеді. Ветеринария саласын цифрлық форматқа көшіріп жатырмыз, - деді Роман Скляр Сенаттың жалпы отырысында.
Айта кетейік, бұған дейін мал дәрігерінің жалақысы 500-600 мың теңгеге көтерілетіні хабарланған еді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде жастар мал дәрігері болғысы келмейді.