Балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту айтарлықтай кеңейіп жатыр
Келесі жылы елімізде 11 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және бір оңалту орталығы ашылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, олар балаларға әлеуметтік медициналық-педагогикалық қолдау көрсетуге аса қажеттілік байқалатын өңірлерде іске қосылады. Бүгінде елімізде 89 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 13 оңалту орталығы жұмыс істеп тұр.
Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылға дейін ПМПК желісін 50 мың балаға шаққанда 1 ПМПК есебінен 125-ке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. ПМПК және түзету кабинеттерінің саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткім келеді. Қарағанды, Ақтау, Шымкент қалаларында, Маңғыстау және Алматы облысында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашылды. Түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарының саны да артып келеді. Соңғы екі жылда 13 түзету кабинеті ашылды. Яғни балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту айтарлықтай кеңейіп жатыр. Бұл балалар мүгедектігінің алдын алуға және азайтуға ықпал етеді, - деді Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Кудеринова.
Сонымен қатар, елімізде арнайы білім беретін ұйымдардың саны да өсті. Балалар жылында Тараз, Орал және Қарағанды қалаларында аутизммен ауыратын балаларға арналған үш қолдау орталығы ашылған.