Шымкентте фотоаппарат ұрлаған күдікті 3,5 жылға сотталды
Ол ұрлаған заттарды ломбардқа өткізіп, одан түскен ақшаға несиесін жапқан
Шымкентте фотоаппарат ұрлаған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлады Polisia.kz.
21 жастағы күдікті Шымкенттегі бизнес орталықтан құны 2 млн теңге болатын 2 SONY A7-3 фотоаппаратын ұрлаған. Қаратау аудандық сотында оның ісі қаралды. Судья оны кінәлі деп тауып, 3,5 жылға бас бостандығын шектеді. Залал сомасы – 2 млн теңге.
Тергеу барысында күдікті ұрланған фотоаппараттарды Алматы қаласындағы ломбардтардың біріне 1 млн 350 мың теңгеге өткізген. Одан түскен ақшаға несиесін жапқан.
Басты сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, әрекетіне өкінетінін айтқан. Судья айыпталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайды, жасаған қылмысының қоғамға қаупі мен дәрежесін, оның жеке басының деректерін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 1 және 3-тармағы («Ұрлық») бойынша 3,5 жылға бас бостандығын шектеді, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ сотталушы пробациялық бақылауда болып, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылу міндеттелді.