Жаңа ауданның шекарасы 19 336 га
Астана әкімдігі Есіл ауданын екіге бөлу мен аумағын бекіту туралы құжат жобасын дайындап, Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Астана қаласының «Алматы», «Байқоңыр», «Есіл», «Сарыарқа» аудандарының және жаңа ауданның шекаралары осы бірлескен қаулыға және шешімге қосымшаға сәйкес белгіленсін», – делінген құжатта.
Әкімдік қаулысы мен мәслихат шешімі оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Алматы ауданының шекарасы 15 471 га құрайды және мынадай болып белгіленген:
Есіл және Ақбұлақ өзендерінің қиылысынан Ақбұлақ өзенінің бойымен солтүстік-шығысқа қарай А344 (жобалық атауы) және А184 (жобалық атауы) көшелердің қиылысына дейін, одан әрі А344 (жобалық атауы) көшенің бойымен солтүстікке қарай № 101 (жобалық атауы) көшеге дейін, № 101 (жобалық атауы) көшенің бойымен Ақбұлақ өзеніне дейін, Ақбұлақ өзенінің бойымен солтүстік-шығысқа қарай қаланың шекарасына дейін, қаланың шығыс шекарасымен Есіл өзеніне дейін, Есіл өзенінің бойымен Ақбұлақ өзенімен қосылатын тұсқа дейін.
Байқоңыр ауданының шекарасы 18 129 га құрайды және мынадай болып белгіленген:
Астана-Қостанай тас жолы бағытындағы теміржолдан қаланың шекарасымен солтүстікке қарай Ақбұлақ өзеніне дейін, Ақбұлақ өзенінің бойымен № 101 (жобалық атауы) көшеге дейін, № 101 (жобалық атауы) көшенің жұп сандар жағымен А344 (жобалық атауы) көшеге дейін, А344 (жобалық атауы) көшенің бойымен А184 (жобалық атауы) көшеге дейін, одан әрі Ақбұлақ өзенінің бойымен Есіл және Ақбұлақ өзендерінің түйіскен жеріне дейін, Есіл өзенінің бойымен Қараөткел көпіріне дейін, А. Бараев көшесінің бойымен Республика даңғылына дейін, Республика даңғылының жұп сандар жағымен Бөгенбай батыр даңғылына дейін, Бөгенбай батыр даңғылы мен Алаш тас жолының бойымен теміржолға дейін, теміржолдың бойымен қаланың батыс шекарасына дейін.
Байқоңыр ауданының шекарасына қалалық зират аумағы (460 га) кіреді.
Есіл ауданының шекарасы 20 022 га құрайды және мынадай болып белгіленген:
Қабанбай батыр даңғылынан Есіл өзенінің бойымен қаланың шығыс шекарасына дейін, одан әрі қаланың шекарасымен оңтүстік-шығыста Қарқаралы тас жолына дейін, одан әрі Қарқаралы тас жолының шығыс жағымен және Қабанбай батыр даңғылының жұп сандар жағымен Есіл өзеніне дейін.
Есіл ауданының шекарасына Ұлттық пантеонның аумағы (959 га) кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда Есіл ауданында 7 мыңға жуық жұмыссыз бар екені хабарланған еді.
Жаңа ауданның шекарасы 19 336 га құрайды және мынадай болып белгіленген:
Қаланың батыс бөлігіндегі Есіл өзенінің бойымен шығысқа қарай Қабанбай батыр даңғылына дейін, одан әрі Қабанбай батыр даңғылының тақ сандар жағымен және Қарқаралы тас жолының батыс жағымен қаланың оңтүстік шекарасына дейін.
Сарыарқа ауданының шекарасы 6 775 га құрайды және мынадай болып белгіленген:
Қаланың батыс шекарасынан теміржолдың бойымен Алаш тас жолына дейін, Бөгенбай батыр даңғылының тақ сандар жағымен Республика даңғылына дейін, одан әрі оңтүстікке қарай Республика даңғылының тақ сандар жағымен А. Бараев көшесіне дейін, А. Бараев көшесінің бойымен Есіл өзеніне дейін, Есіл өзенінің оң жақ ағысы бойымен қаланың батыс шекарасына дейін.