Үш былғары қолғап иесі қола жүлдегер атанды
Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында жартылай финалда шаршы алаңға көтерілген 7 боксшымыздың төртеуі финалға жолдама алса, үшеуі әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
66 келідегі Бақыт Сейдіш француз Майлис Ричлді үш рет нокдаунға жіберіп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаса, 54 келідегі Элина Базарова нидерландық боксшы Мария Верхеймді ұтып, финалға шықты.
Жартылай финалда өнер көрсеткен екі жігітіміздің екеуі де қарсыластарынан басым түсті. Алдымен 67 келідегі Нұрбек Мұрсал ирландиялық Джеймс Френсисті 3:2 есебімен ұтса, 75 келідегі Дәулет Төлемісов Бельгия өкілі Хаджит Ноаны 5:0 есебімен таза жеңді.
Өкінішке қарай, Әсел Тоқтасын (+81 келі). Әсем Таңатар (63 келі) және Гүлназ Бөрібаева (48 келі) Үндістан боксшыларына есе жіберіп, әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды.
Бүгін боксшылар демалып, 25-26 қараша күндері әлем чемпионы атағы үшін шаршы алаңға шығады.