×

Ақмола облысында жүк көлігі қараусыз жүрген 5 жылқыны соғып кетті

Мал иесі мен жылқышының арасында келісімшарт болғандықтан жауапқа жылқышы тартылады

 Еркеғали Болатұлы 24.11.2022 | 11:37
фото: news-kmv.ru

Екатеринбург-Алматы тасжолының Көкшетау маңында жүк көлігі 5 жылқыны жайратып кетті. Көлік қатты бүлінгенмен, жүргізушісі аман.

Полицейлер мал иесін жылқының терісіне жасырылған чип арқылы анықтады. Алайда олар жол үстінде қараусыз жайылып жүріп, арам қатқан жылқының иесін бірден таба алмаған. Өйткені малдардың арнайы таңбасы болмапты.

Жылқылардың терісі астына жасырылған чип кейін арнайы құрылғы әкеліп іздеген кезде бір-ақ анықталды. Барлық ақпарат сол чип арқылы шығып, 49 жастағы жылқышының малды түн ішінде еркін жайылымға жібере салғаны белгілі болды.

Қазір малға ие бола алмаған азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жауапқа тарту ісі қарастырылып жатыр.

«Полиция қызметкерлері ветеринария инспекциясы өкілдерімен бірлесіп, жылқы иесінің жеке басын анықтады. Оны табуға жануарлардың бірінің терісінің астына салынған чип көмектесті. Мал иесі мен жылқышының арасында келісімшарт болғандықтан жауапқа жылқышы тартылады», - деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі Әсем Әбдікәрімова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама