Жастар санатын 35 жасқа дейін ұлғайту көзделіп отыр

Динара Амантай

Осылайша, жастардың қатары 3,7 млн адамнан 6 млн адамға дейін көбеймек

Фото: Halyq Uni

Елімізде жастар санатын 35 жасқа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Ақтау қаласында жастармен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, министрлік «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеген. Бұл жоба Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа енгізілді.

Заң жобасы мемлекеттік органдардың бағыттарымен және құзыреттерімен толықтырылды. Осы Заңның негізгі жаңалықтарының бірі жастар санатын 35 жасқа дейін ұлғайту болады. Осылайша, Жастарды мемлекеттік қолдау аясы 2 есеге жуық (3,7 млн адамнан 6 млн адамға дейін) кеңейеді.

Аталған заң жобасында жастардың даму индексі енгізіліп, жастардың әлеуметтік қызметтері мен NEET санатындағы жастарға құқықты мәртебе беру қарастырылып отыр.