Еуропарламент Ресейді терроризмге дем беруші мемлекет деп таныды
Қарарды қолдап 494 депутат дауыс берді. 58-і қарсы болды. Ал 44 өкіл қалыс қалды
Еуропарламент Ресей Федерациясын «терроризмді демеуші-мемлекет» деп тану туралы қарар қабылдады. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Құжат Страсбурде өткен сессияда көпшілік дауыспен қабылданды. Қарарды қолдап 494 депутат дауыс берді. 58 депутат қарсы болды. Ал 44 өкіл қалыс қалды.
Шешім Ресейдің «украин жеріне басып кіргелі бері Украина мен оның азаматтарына қатысты жасаған қатыгез және адамдыққа жат әрекеттеріне» байланысты қабылданып отыр.
Ресейдің Украинаның бейбіт тұрғындарына қарсы алдын ала ойластырып жасаған шабуылы мен айуандықтары, азаматтық инфрақұрылымдар нысандарын жою және адам құқықтары мен халықаралық гуманитарлық құқықтарды тағы басқа өрескел бұзушылықтар Украина тұрғындарына қарсы жасалған террорға теңестіріледі және соғыс қылмыстары санатына жатқызылады, – делінген хабарламада.
Жоғарыда аталған тұжырымдарға сәйкес, Еуропа парламенті Ресейді «терроризмнің демеуші мемлекеті және террорлық тәсілдерді қолданатын ел» деп таниды.
Сондай-ақ қарарда Еуропалық кеңестен «Вагнер» жеке әскери ұйымын, Ахмат Кадыров атындағы 141-арнайы мотоатқыш полкты және «Ресей қаржыландыратын басқа да милитарлық топтарды» ЕО-ның тиісті санкцияларына ұшырайтын террорлық ұйымдар тізіміне кіргізу сұралды.
Қарар Ресей Украинаның сыни-қатерлі инфрақұрылымдар нысандарына жаппай соққы бергеннен кейін қабылданды. Оның мәтіні 17 қарашада мақұлданды.
Баспасөз парақшасында бұл құжаттың «Ресей президенті Владимир Путин мен оның Үкіметін жасаған барлық соғыс қылмыстары үшін халықаралық трибунал алдында қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз қалау мақсатында қабылданып отырғаны» атап көрсетілді.
Украина президенті Владимир Зеленский Еуропарламенттің бұл шешімін қолдайтынын білдірді. «Ресейдің Украина мен әлемдегі көп жылға созылған терроризм саясатына тұсау салу үшін оны барлық деңгейде оқшауландырып, жауапқа тарту қажет», – деді ол.
Мұның алдында, бұдан үш күн бұрын НАТО-ның Парламенттік ассамблеясы да Ресейді «террорлық мемлекет» деп тану туралы қарар қабылдаған болатын. Оны Солтүстік альянстың барлық 30 мемлекеті түгел қолдады. Тіпті Ресей өзіне «дос» санап жүрген Түркия мен Венгрия да қалыс қалған жоқ.
Мұндай қарарларды оның алдында Латвия, Литва, Эстония, Польша және Чехия парламенттері де қабылдаған еді.
«Еуропарламент қарар қабылдағаннан кейін хакерлер оның сайтына жаппай шабуыл жасаған. Бұлардың Ресей Федерациясының жалдамалылары екені еш күдік тудырмайды», – делінген хабарламада.